Қостанайда сиыр тұқымының палатасы құрылды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында ірі қараның симментал тұқымының республикалық палатасы құрылатын болды. Мұндай шешім «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қара малдың симментал түрін өсірумен айналысатын кәсіпкерлерден құралған ынталы топ өкілдері бірқатар мәселелерді шешу үшін біртұтас орган қажет екенін айтады. Олардың сөзінше, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР заңына сәйкес әрбір асылтұқымды қара малға арналған республикалық палата жұмыс істеуі керек, оның облыстар мен қалаларда өз бөлімшесі болуы заңды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте «Агрогенетикс» ЖШС жетекшісі Марк Гумеров өз пікірімен бөлісті.

«Қазақстанда 57 мыңнан астам симментал тұқымды сиыр бар. Оның көп бөлігі Қостанай облысына тиесілі. Сондықтан, палатаны біздің облыста құру жөнінде шешім қабылдап отырмыз»,- дейді М.Гумеров.

Марк Гумеровтың сөзінше, симментал тұқымына субсидия төленбейді. Бұрын әр басқа 20 000 теңгеден берілсе, қазір тек асыл тұқымды бұқалардың ұрығын сатып алуға ғана субсидия төленеді. Оның өзінде табынды басқару жөніндегі бағдарлама болса ғана 12 млн теңге беріледі.

«Бұл - шағын шаруашылықтар үшін өте қомақты ақша. Алайда, субсидия тек сырттан әкелінетін қара малға ғана төленеді. Ал біз отандық төлдерге де төленгенін қалаймыз», - деді кәсіпкер.

«Фрунзенское» ЖШС, «Баталы» ЖШС және «Железнодорожное» ЖШС өкілдері Гумеровтың бұл ұсынысын қолдап отыр. Олар қара малдың симментал тұқымының палатасын құруға бірауыздан дауыс берді.

«Кеңеске қатысушылардың бәрін сиыр тұқымының тазалығы ойландырады. Біз өз тарапымыздан сіздерді әрдайым қолдауға әзірміз» , - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов. Қара малдың симментал тұқымы палатасының құрамына тек қана кәсіпкерлер емес, ғалымдар, мал дәрігерлері енді. Ал палата кеңесінің төрағасы болып «Баталы» ЖШС директоры Жансарт Ахметов, директоры болып Марк Гумеров тағайындалды. Жақын арада палата әділет органдарында тіркелмек. Содан кейін палата басшылығы еліміздегі симментал тұқымын өсірумен айналысатын басқа да шаруашылықтардың жұмысымен танысуды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, былтыр БҚО-да ет экспорты әлеуетін арттыру бағытында ірі қара малын асылдандыру үшін ғылыми-селекциялық жұмыстар талқыланған болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар