Қостанайда Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорнының 60 жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс орталығындағы көркемсурет галереясында "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" акционерлік қоғамының 60 жылдығына арналған "Қостанай жерінің қазынасы" атты фотоқұжаттық көрмесінің тұсаукесері болып өтті.

Шарада өңірдегі ірі тау-кен байыту комбинатының өткені мен бүгінін баяндайтын фотосуреттер мен құжаттар жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды. Олар осыдан алпыс жыл бұрын еліміздің сайын даласынан темір кенінің мол қоры қалай табылғаны, шатыр тіккен кеншілер, алғашқы құрылысшылар, алғашқы жарылыс, жер қойнауынан қазып алынған алғашқы руданың Магнитогор металлургия зауытына қалай жіберілгені, бүкілодақтық құрылыс орнына айналған кен орны, осындай алып тау-кен байыту комбинатын басқарған басшылар мен ерен еңбегімен көзге түскен жұмысшылар туралы сыр шертеді.

Бүгінде Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі ел экономикасының алдыңғы шебінде тұр. Сондықтан да көрменің тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ж.Мақанов, "Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі" АҚ әлеуметтік сала жөніндегі вице-президенті Е. Әлкенов, комбинат ардагері, Социалистік Еңбек Ері Л.Петров, Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі, өнертапқыш, "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет" ордендерінің иегері Ә.Дәрменбаев және тағы басқалар комбинаттың осы жылдар ішінде қалай алып кәсіпорынға айналғанын, оның тек елімізге ғана емес, алыс шетелдерге де танымал екенін, инновациялық технологияларды енгізудің, дамудың үлгісіне айналғанын айтты.

Көрмеге Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Рудный қалалық тарихи-өлкетану мұражайынан, Қостанай облысының мемлекеттік және Рудный қалалық мұрағаттарынан, "ССКӨБ" АҚ ведомстволық мұрағаты қорларынан алынған фотосуреттер мен құжаттар қойылды. Кейбір құжаттар мен фотосуреттер түпнұсқалы. Көрме "Бәрі осылай басталады", "ССКӨБ"АҚ - бүгінде" деген екі бөлімнен тұрады.

«Осы құжаттарды көре отырып, жастық шағым есіме түседі. Сол кездегі кен орны қандай, бүгін қандай?! Айырмашылығы жер мен көктей. Қазір жұмысшыларға деген құрмет бәсеңдеген жоқ. Комбинатымыздың әлеуметтік саланы қаншалықты қолдап отырғанын Рудный қаласы мен Қашар кентінің тыныс-тіршілігінен-ақ байқауыңызға болады», - дейді ардагер кенші Ә.Дәрменбаев.

Көрме барысында жиналғандар өндіріс орнының тарихы мен бүгінін баяндайтын деректі фильмді тамашалады. Ал "Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі" АҚ әлеуметтік сала жөніндегі вице-президенті Е.Әлкенов кәсіпорынның 60 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальдің ең алғашқы данасын мемлекеттік мұрағатқа сыйға тартты, деп хабарлайды Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.