Қостанайда спорт кешенінде оқ жаудырған студентке үкім шықты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін қостанайлық студент Данабек Смаиловқа үкім шықты, ол екі ай бұрын «Трудовые резервы» спорт кешенінде оқ атқан болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХА тілшісі.

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, іс қысқа ретпен қаралған. Тергеу барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасасты. Смаиловтың айтуынша, ол қарсыласына оқ атқан травматикалық тапаншаны 2016 жылдың соңында көшеден тауып алған.

Данабек Смаилов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қатысты пробациялық бақылау белгіленді. Сотталушы мекенжайын өзгертпеуге және өзінің қайда баратыны туралы өкілетті органдарға хабарлап отыруға міндеттелді. Оған көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды.

Бұрын хабарланғандай, 16 қаңтар күні «Трудовые резервы» қостанайлық спорт кешенінде боксшы-студенттер арасында дау туып, соңы төбелеске ұласқан. Смаилов «Оса» травматикалық тапаншасымен қарсыласының көкірегіне және басына атып, қатты жарақаттаған. Оқиға салдарынан қонақтар мен спорт мекемесінің қызметкерлері эвакуацияланды.