Қостанайда судьялардың біліктіліктерін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда - Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысы

None
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесіне баса көңіл бөлінуде. Оның себебі қоғамдағы барлық даулы мәселелер мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері бойынша шағымдар сот органдарында шешіледі.

Өз кезегінде сот қызметкерлері Конституция мен өзге де заңдар негізінде берілген құқықтар мен сот биілігін жүзеге асырудағы өздерінің өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттің беделі мен абыройын өсіруге көп күш салуы қажет», деді бүгін Қостанай облыстық сотының төрағасы Бағлан Мақұлбеков. Бұл туралы ол бүгін еліміздің сот жүйесінің жарты жылдық қорытындысына арналған Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысында айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Қостанай облыстық сотының судьялары өздеріне жүктелген осы міндеттерді жақсы түсінеді. «Жалпы еліміздің сот жүйесі жөнінде айтатын болсақ, сот қызметкерлерінің басты назары Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын заңда көрсетілген талаптар негізінде қорғау болып табылады. Осы бағытта Қостанай облысында біршама игі істер атқарылды. Атап айтқанда, елімізде азаматтық істерді белгіленген мерзімде қарау және азаматтық даулар бойынша заң нормаларын дұрыс қолдануда біршама жұмыстар атқарылды. Қылмыстық істер бойынша басты назар осы істердің уақытында қаралып, кінәлі азаматтың әрекетіне сай келетін жазаны қолдануға бағытталып отыр. Сондай-ақ жаңа заман талаптарына байланысты судьялар өздерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында және судьялыққа үміткерлермен жұмыс бағытында да біршама жұмыстар атқарды», деді облыстық сот төрағасы.