Қостанайда телефон нөмірлерін жалға беріп, алаяқтарға көмектескен жігіт ұсталды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында киберқылмыспен күрес қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде пайдаланылған SIM-карталарды заңсыз қосу және жалға беру схемасы әшкереленді, - деп жазды Polisia.kz.

Күдікті бірнеше ай бойы ұялы байланыс операторларының SIM-карталарын тіркеп, оларды WhatsApp желісінде қосып, кейін Telegram арқылы жалға беріп отырған. Алдын ала деректер бойынша, ол бірнеше айдың ішінде шамамен 35 абоненттік нөмірді жалға берген.

Бұл қызметтен түскен жалпы табыс шамамен 5 млн теңге болған.

Оның белсендірген SIM-карталары арқылы алаяқтар Қостанай мен Тобыл тұрғындарын «Сізге сәлемдеме келді» деген схема бойынша алдап, 2 млн теңгеден астам залал келтірген.

Полиция қызметкерлері қылмыстық әрекетте қолданылған құрылғылар мен SIM-карталарды дәлелдеме ретінде тәркіледі.

Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Мұндай схемалар — айтарлықтай қауіп төндіреді яғни, жалға берілген SIM-карталар жиі заңсыз мақсаттарда, спам таратудан бастап, анонимді түрде алаяқтық әрекеттерді үйлестіруге дейін пайдаланылады.

Полиция ескертеді: басқа тұлғалар атына тіркелген SIM-карталарды жалға беру және пайдалану — Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып саналады. Мұндай жағдайларда жауапкершілікке жалға беруші де, жалға алушы да тартылады.

 

Егер алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдесе не істеу керек, келесі қадам қандай болмақ? Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді.