Қостанайда «Тобыл» футболшысы қатысқан жанжал сотқа жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда «Тобыл» футбол клубының қорғаушысы Папе Альюн Ндиайе қатысқан тұрмыстық жанжалдан кейін әкімшілік іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын полиция мен футбол клубының өкілдері түсіндірді.

Фото: «Тобыл» ФК

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал көршілес пәтерлердің тұрғындары арасында болған.

— Полиция көршілес пәтерлер тұрғындары арасындағы жанжал дерегін тіркеді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жанжалдың басталуына себепкер болған адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды, — деп хабарлады полиция.

Оқиға туралы ақпаратты «Тобыл» футбол клубы да растады. Клубтың медиа-офицері Қасқырбай Қойшымановтың айтуынша, жанжал тұрмыстық сипатта болған және футболшы мен оның отбасы мүшелерін алаңдатқан.

— Қазіргі уақытта жанжал бейбіт жолмен толық реттелді. Тараптар ортақ келісімге келіп, бір-біріне ешқандай талап қоймайды. Оқиғаның мән-жайы құқық қорғау органдарының назарында, — деп хабарлады клуб.

Футболшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жанжалға қатысқан өзге адамдардың суық қаруы болғанын жазды. Сонымен қатар спортшы ешқандай жарақат алмағанын айтып, жағдайды бақылауға алған Қостанай полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Тобыл» ФК футболшы мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіз жерде екенін, олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын атап өтті. Клуб ойыншы мен оның жақындарына қолдау білдіріп, жұртшылықты расталмаған ақпаратты таратпауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.