Қостанай облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қуаныш Елеусеновтің айтуынша, зерттеу жұмыстарын жүргізуге облыс әкімдігі қаражат бөлген. Қазір мамандар аумақта ластаушы заттардың қалдықтары бар-жоғын анықтау үшін ұңғымалар бұрғылап жатыр.
Экологтар жыл сайын Тобыл өзенінің ағысы бойымен жоғары және төмен орналасқан аумақтардан топырақ пен су сынамаларын алады. Ведомство басшысының сөзінше, 2017 жылдан бері зерттелген сынамалардан мыс анықталмаған. Дегенмен аумақтың экологиялық жағдайына қатысты түпкілікті қорытынды тек зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жасалады.
Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Зерттеу қорытындысы негізінде облыс әкімдігі нысанды консервациялау немесе қалдықтарды алып, кәдеге жарату туралы шешім қабылдайды. Ластаушы заттардың бары расталмаса, нысан экологиялық проблемалар тізімінен шығарылуы мүмкін.
Қостанайдағы тағы бір экологиялық мәселе — Назарбаев даңғылы бойындағы жол өткелі маңындағы құдықтардан мұнай өнімдерінің табылуы.
Олар алғаш рет 2021 жылдың сәуірінде ТДС сауда орталығы маңынан анықталған. Содан бері жыл сайын су тасқыны кезеңінде теміржолға жақын орналасқан екі құдықтан мұнай өнімдері тіркеледі. Алайда олардың Тобыл өзеніне түскені анықталмаған.
2021 жылы жақын маңдағы мұнай базасына жүргізілген тексеру барысында кәсіпорынның бақылау ұңғымаларынан мұнай өнімдері табылмады.
Экология департаменті ластану бұрыннан қалыптасқан жағдайға байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазір қала әкімдігі оның көзін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қандай да бір кәсіпорынның қатысы бары расталса, оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін Орал қаласында «Омега» зауыты ауданында лас судың ағып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тараған еді.