Қостанайда «Триумф» жеңімпаздары марапатталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен «Триумф» байқауында орта білім беру саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Өңірдің ең үздік өрендерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш байқау 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы марапатталғандар қатарында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі зияткерлік, шығармашылық, өнер және спорттық сайыстарының жеңімпаздары бар. Шарада оқушылармен қатар, олардың ұстаздары да құрметке бөленді.

 

«Егемендік алған жылдардан бері Елбасымыз үнемі арнайы мектептердегі дарынды балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін шыңдауларына да ерекше көңіл бөліп келеді. Ол өзінің жыл сайынғы Жолдауында білім саласының маңыздылығын атап өтеді. Сол себепті де бүгін Қостанай облысының көркейіп, нығаюына үлес қосқан, жыл бойы түрлі додаларда көзге түскен дарынды жастарды жинап отырмыз. Қостанай жерінде де түрлі салада жетістікке жетіп жүрген жастар жетерлік», - деді өзінің құттықтау сөзінде Архимед Мұхамбетов.

 

Жыл үздіктерін Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, спорттық биден халықаралық жарыстардың жүлдегері Мәлика Мұхтаровалар құттықтады. Сондай-ақ, жеңімпаздар Иван Дычко, Сүндет Байғожин, Серікбай Бисекеев сынды танымал жерлестерінің бейнеқұттықтауын қабыл алды.

   

Шара соңында Архимед Мұхамбетов «Триумф» иегерлерін марапаттады.