Қостанайда тұңғыш рет 20 қабатты тұрғын үй салынбақ

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында бірінші рет 20 қабатты тұрғын үй және заманауи қонақ үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Қостанай қаласының дамуына арналған кеңесте «Базис Бест» компаниясының атқарушы директоры Марат Молмұхамедов биыл бірнеше құрылыс жұмысының басталатынын айтты.

«Осы жылы Тобыл өзенінің жағасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тұңғыш қонақ үй тұрғызылады. Қонақ үй Ramada Encore компаниялар тобына тиесілі болмақ. Жаңа нысан 163 бөлмені қамтитын 6 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи мейрамхана, салтанат залы және фитнес бөлмесі болады», - деді ол.

Сондай-ақ, аталған компания қалада тұңғыш рет 20 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

«Бастапқыда 16 қабатты үй саламыз деп жоспарлағанбыз. Жақында тағы 4 қабат қосатын болып шешілді. Мұнда барлығы 100 пәтер болады. Жаңа тұрғын үй «Береке» шағынауданында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары жақында басталады. Жалпы, «Базис Бест» компаниясы өңірге 10-15 млрд теңге инвестиция салады», - деді Марат Молмұхамедов.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл идеяны қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қаладағы биік үйлер 13 қабаттан аспайды. Сондықтан, көпқабатты үйлер санын көбейту керек. Алдағы уақытта «Береке» шағынауданында 370 пәтерлі 28 төртқабатты үй салынады.