Қостанайда тұңғыш рет McDonald's ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат  - Бүгін Қостанайда бірінші рет McDonald's тез әзірленетін тағамдар мейрамханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Бұл жобаның авторы - "McDonald's" Қазақстандағы франшизасының иесі Қайрат Боранбаев. Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа мейрамхананың арқасында 100 жаңа жұмыс орнының ашылғандығын атап өтті.

"Биыл "Туған жер" жобасы аясында бірнеше іргелі жобаларды қолға алдық. Облыс орталығындағы осынау мейрамхананың ашылуы тұрғындарымыз үшін қуанышты жаңалық. Өзіміздің жерлесіміз, белгілі меценат Қайрат Боранбаевқа өз атымнан алғыс білдіремін. Ол кісінің спорт саласына да қосқан үлесі мол. Арқалық жəне Қостанай қалаларында екі үлкен спорт кешенін іске қосты. Бұдан бөлек, халыққа  Əнуар Боранбаев атындағы кинотеатрды да ұсынды", - деп атап өтті облыс əкімі.

Қоғамдық тамақтану орнында McDrive жүйесі арқылы жылдам тапсырыс беруге мүмкіндік бар.

Белгілі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев те өз қуанышын жасырмады.

«Бұл әлемгі белгілі брендтің қаламызға келгеніне ризамыз. Бұл сөзсіз, біздің қаламыздың беделін арттыра түседі», - дейді футболшы. 

Жалпы жоба құны - 780 млн теңге. Ресторан 86 адамға шақталған. Жазғы алаңына 24 орын бар. Автотұраққа бір мезетте 10 көлік тоқтай алады.