Қостанайда тұратын 116 жастағы әжей 4 тілді біледі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы республикалық «Ел аналары» акциясы аясында қарт аналарды құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Алма Дощанова 116 жастағы Марфуға Селтеткенова мен 109 жастағы Нағима Серғалиевалардың үйлеріне барып, төл мерекелерімен құттықтады.
Марфуға Селтеткенова 1902 жылы Ресейдің Қорған облысында туған. 12 баланы өмірге әкелген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары күйеуі майдан шебіне кеткен кезде ол өзі сұранып, еңбек армиясына жазылған.

«Анамыз Тобыл өзенінің бойындағы балық аулашылар қатарында жұмыс істеген. Соғыстан кейін ұзақ жылдар сауыншы болды, тігіншілікті өте жақсы меңгерген. Ол қазақ, араб, орыс және татар тілдерінде сөйлейді. Сол сияқты татар тілінде ән айтуды жақсы көреді. Осы кезге дейін қолынан кітап түспеген, Құран сүрелерін тікелей кітаптан оқиды, біразын жатқа айтады. Оның анасы мен ағасы ғасыр асқан кісілер. Анамыз ұзақ жасаудың құпиясы адамдармен сыйласа біліп, өмірге сүйіспеншілікпен қарауда деп айтып отырады», - дейді қарияның қызы Жібек Құрманова.

 

Ал Нағима Серғалиева 1908 жылы Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Қостанайға жақында көшіп келіпті.
«Анамыз өмір бойы қарапайым сауыншы болып жұмыс істеді. Қолы қалт еткенде өлең жазатын. Ауылдастары оны мейірімділігі, адамгершілігі мен кемеңгерлігі үшін сыйлады. Кезінде ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып та сайланды. Тіпті облыс атынан Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық еңбек озаттары жиынына қатысты», - деп әңгімелейді қызы Зәуре Мінайдарова.

 

Нағима әже қазір қаламын қолынан тастамаған. Әлі тың. Кейде өлең жазады. Айтпақшы, оның өлеңдеріне қостанайлық композитор Қажығали Омаров ән шығарды.



«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғасыр асқан қарияларға сый-сияпат көрсетті. Жалпы, белгілі болғандай, бүгінде Қостанай облысында жасы 100-ден асқан 22 әжей бар. Олардың көбі облыс орталығынан шалғай ауылдарда тұрады.