Қостанай облысында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға көп. Әсіресе, жалдамалы тұрғын үй құрылысы екі есеге артып, көлемі 32,5 мың шаршы метрге жетті.
«2018 жылдың 9 айында 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 63,3 мың шаршы метр үй тұрғындарға тапсырылады. Олардың ішінде 10 көпқабатты үй бар. Әлеуметтік әлсіз топтарды жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге қарастырылды. Жалпы, тұрғын үй салуға көзделген 7,3 млрд теңге қаражат толығымен қарастырылды», - деді Нұрлан Қатарбеков.
Негізі қазірге дейін Қостанай қаласында 17 көпқабатты үй бой көтерді. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 295 пәтерлі 3 үй ел игілігіне берілмек.
«2019 жылы «Әуежай» шағын ауданында 32,9 мың шаршы метр аумақта баспана салынады. «Юбилейный» шағын ауданында 67 гектар жерде құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда 11 үй қолданысқа беріледі», - деді басқарма басшысы.
Тұрғын үй құрылысы Қостанай ауданында да қызу жүріп жатыр. Осы мақсатта биыл 1,5 млрд теңге жұмсалды. Ауданда 60 үйдің іргетасы қаланды.
Нұрлан Қатарбеков облыс басшысынан тұрғын үй салуға бөлінетін қаражатты 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды қарастыруды сұрады. Архимед Мұхамбетов бұл ұсынысты қолдайтынын айтып, тұрғын үйлердің сапасына көңіл бөлуді тапсырды.
Елбасы биылғы Жолдауында тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты іске асырылып жатқанын айтқан болатын.
https://kaz.inform.kz/news/elbasynyn-kazakstan-halkyna-zholdauynyn-tolyk-matini_a3411515