Аталмыш қызмет алаңының міндеті – Қостанай қаласының абаттандыру және қауіпсіздік мәселелеріне жедел ден қою және өтініштерді қабылдау. Айта кетейік, 2019 жылы қалада коммуналдық саладағы шағымдар 109 бірыңғай нөмірі арқылы қабылданатын.
«Бұдан бөлек «Фэйсбук» және «Телеграмм» чат-боттары бойынша өтініштерді қабылдау ұйымдастырылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз тағы бір цифрлық құрал Аitu.Сity. онлайн платформасын іске қостық. Бұл сервис арқылы тұрғындар қаланы жақсартуға байланысты өтініштер немесе ұсыныстарын жеткізе алады. Нәтижесінде қала өмірін жақсарта алатын идеялар пулы қалыптастырылады», - деп түсіндірді Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
Енді көшелердегі ашық люктер, жеткіліксіз жарықтандыру, аулалардағы қоқыстың шашылуы сынды мәселелер Aitu.City қызметі арқылы қабылданады. Тұрғындардың арыз-шағымы тікелей әкімдікке түседі. Өтінім беру үшін Aitu.City веб-сайтына кіріп, сипаттаманы толтырып, картада мекен-жайды көрсету керек, сонымен қатар мәселені ашық көрсететін фотосуреттерді де тіркеу қажет.
Бұл сервис қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында белсенді жұмыс істейді. Әзірлеушілердің айтуынша, жақын арада бұл қызмет Қазақстанның барлық қаласында іске қосылмақ.