Қостанайда тұрғыннан 6 млн теңге бопсалаған күдіктілер қолға түсті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда тұрғыннан 6 млн теңге көлемінде ақша талап еткен 18 бен 20 жас аралығындағы бопсалаушылар қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: polisia.kz

Бопсалаушылар 21 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты елеусіз сылтауды пайдалана отырып, одан 6 млн теңге көлемінде ақша қаражатын талап еткен.

«Күдіктілер жәбірленушіні жалдамалы пәтерде ұстады, сондай-ақ оны қала сыртына шығарып, ұрып-соғып, денсаулығына қауіп төндірді», – деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байғонов.

Заңсыз әрекеттер барысында бопсалаушылар 1 млн теңге сомасында ақшалай қаражатты иемденіп алған. Дегенмен жәбірленушіге қатысты жеңіл пайда табу әрекеттері мұнымен аяқталған жоқ және олар одан ақша талап етуді жалғастырды. Жәбірленуші полицияға арыз берді.


Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы, 3-бөлігі және 126-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта топтың екі мүшесі қамауға алынды, үшіншісі үй қамауында.