Қостанайда Ұлттық ұлан су тасқынына қарсы алдын алу шараларына жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда орналасқан 6697 әскери бөлімінің 70-ке жуық әскери қызметшісі жергілікті атқарушы органдар мен құтқару бөлімшелеріне көмек көрсету үшін Арқалыққа жіберілді, деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қостанай облысы Арқалық қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері құтқарушылармен және азаматтық қорғау органдарының мамандарымен бірлесіп су тасқынына қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге жұмылдырылды. Аталған шара маусымдық жылыну және қардың еруі кезінде су басудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған.

— Қостанайда орналасқан 6697 әскери бөлімінің 70-ке жуық әскери қызметшісі жергілікті атқарушы органдар мен құтқару бөлімшелеріне көмек көрсету үшін Арқалыққа жіберілді. Алғашқы күндерден бастап ұландықтар жүктелген міндеттерді орындауға қарқынды қатысты. Қазіргі уақытта жеке құрам алдын алу шаралары кешенін жүзеге асыруда. Әскери қызметшілер еріген су жиналуы ықтимал учаскелерге мониторинг жүргізеді, тәулік бойы кезекшілік атқарады, бұл жағдайдың өзгеруіне уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Фото: Ұлттық ұлан

Халыққа, ең алдымен тыл ардагерлеріне көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. «Новый» ауданында ұландықтар үй маңындағы аумақтарды қардан тазартып жатыр. Бүгінгі таңда 200-ден астам аула тазартылды, жұмыстар күшейтілген режимде жалғасып келеді.

Айта кету керек, ұландықтардың құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен жедел және үйлестірілген іс-қимылдары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және өңірдегі тұрақты жағдайды сақтауда маңызды рөл атқарады.

Бұдан бұрын Ақмола және СҚО құтқарушылары су тасқыны жағдайын бағалағанын жазғанбыз.