Қостанайда Ұлықбек Есдәулеттің жыр кеші өтті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыр кешін белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет жүргізіп отырды. Ол жақында Ұлықбек Есдәулеттің драматургиядағы алғашқы туындысы «Зере» пьесасының жұртшылыққа ұсынылғанына тоқталды. Автордың айтуынша, шығармада Зерені тек ана ретінде ғана емес, қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан.
 

Мұнан соң Ұлықбек ақын ортаға шықты. Ол Тобыл-Торғай топырағында туып-өскен ақын-жазушылардың қазақ қоғамына сіңірген еңбектерін атап өтті.  

«Жалпы, қасиет тұнған өлке деп кез келген жерге айтыла бермейді. Мына Торғай даласына қарап тұрып-ақ, әлгі сөз бірден ойға оралады. Себебі, бұл өңірдің қазақ руханиятына сыйлаған арда тұлғалары жетерлік. Негізі, осы өңірге 1982 жылы Ғафу Қайырбеков ертіп келіп еді. Содан кейін арнайы бет бұрғаным осы. Оның алдында Торғай жерінде комбайншы болғанмын. Менімен Қонысбай Әбіл де астық жинауға қатысты», - деп еске алады ақын.
 

Ұлықбек Есдәулет жалынды жырларын оқып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Студенттер оның өлеңдерін жатқа айтты. Сондай-ақ, осы басқосуда қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, жазушылар одағының облыстық филиалы директоры Ғұмар Ахметчин мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков қаламгер жайлы лебіздерін білдірді.
 

«Қазақта атағы ерте шыққан ақындар аз болса, сол көштің басында Ұлықбек Есдәулет тұр. Оның бір ғана «Заман-ай» өлеңі неге тұрады? Бұл жыры келе-келе «Невада-Семей» қозғалысының әнұранына айналды. Әрине, бір өлеңмен-ақ ақынның поэзиядағы шынайы бейнесін ашу мүмкін емес. Ол талай оқырманның сүйікті ақынына айналды. Оның ішінде мен де бар болғаныма қуанамын», - деді Мұрат Мұхтарұлы.

Университеттегі өткен кешті халық ақыны Әсия Беркенова басқаратын «Өнер» студиясының жастары әнмен әрледі.