Қостанай қаласының тұрғыны Венера Байғұттинаның қызы Наримановка шағын ауданында тұрады. Бүгін сағат 14:00 кезінде анасына хабарласып, үйінің суға кетіп жатқанын айтқан. Құстай ұшқан ата-ана жолай арнайы қызметтерге де хабарласып, көмек сұрайды. Сарыла күткен көмек тек бір сағаттан кейін ғана жеткен.
— Төтенше жағдайлар департаментінің тракторы келді су соруға, бірақ шлангасы жоқ. Алып келуге кетіп, соны біраз күттік. Әкімдіктен де бірнеше адам келгенімен, олардан қайран болмады. Қолдарын қалталарына салып жүр, — дейді Венера Байғұттина.
Дачная, 30 мекенжайында орналасқан бұл үш бөлмелі үйде бес адам тұрып жатыр. Ерлі-зайыпты Шефердің үш баласы бар. Үлкені онда болса, кенжесі екі жыл бұрын дүниеге келген.
— Қызым декреттік демалыста отыр. Күйеу балам жұмыс істейді. Ести сала жеттік. Су шамамен 30 см дейін көтерілді. Шелектеп тасып, төктік. Былтыр да үйлері суға кеткен еді. Бірақ үйлеріңнің суға кеткеніне дәлел жоқ деп, видеоның болғанына қарамастан өтемақы төлемеді. Үй сайда тұр. Су алмауы үшін суағарды тазалап, ашу керек екен. Ал ол жұмыс биыл да атқарылмаған. Енді бүкіл кілемі, еден төсемесі қалқып жүр. Тұрмыстық техниканың бәрі істен шықты, — дейді Венера Байғұттина.
Тұрғынның айтуынша, күткен көмек тек үш сағаттан кейін ғана іске кірісіп, үйдегі суды сорып алған.
Бұған дейін СҚО-да күн күрт жылынып, көшелерден қар екі ауысыммен шығарылып жатқанын жазған едік.