Тергеу барысында анықталғандай, 2016 жылы 60 жастағы зейнеткер В. Сульдина Қостанай облысының аумағында аса ірі мөлшерде героин сатпақ болған. Ол өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында Қостанай және Рудный қаласында топ құрады.
«Ұйымдасқан қылмыстық топқа бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған С.Монахова, А.Бойченко, И.Комячко, И.Богатинова, Л.Петренко, В.Михель, А.Ким, О.Петренко, В.Евтерева, Д.Блинова, Т.Савенкова, Л.Чхетия есімді есірткіге тәуелділер кірген. Тергеу кезінде белгілі болғандай, бұлар бір-бірін танымайтын болып шықты. Сульдина күдіктілермен жеке-жеке жұмыс істеген», - делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
2016 жылғы 9 желтоқсанда полиция қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Сульдинаны үйінде қолға түсірген. Пәтеріне тінту жұмысын жүргізу барысында салмағы 3 келі 227 грамм героин табылды.
«Сот үкімімен В.Сульдина ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлігі, 297-бабының 46-бөлігі, 287-бабының 3-бөлігімен айыпты деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Л. Чхетия, О. Петренко және В. Евтерева 16 жылға, И. Богатинова 10,5 жылға сотталды. Сондай-ақ, А. Ким 17 жыл, Л. Петренко мен В. Михель 16 жыл 6 ай түрмеде отырады. Сот И. Комячкоға 11 жыл 3 ай, Т. Савенкова және Д. Блиноваға 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады», - деп мәлім етілді ведомствода.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.