Басқарма басшысы атап өткендей, бүгінде өңірдегі жастардың өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің көбейгені алаңдатарлық жағдайда.
«Жасөспірімдердің аутодеструктивті тәртібі білім саласының өкілдерін алаңдатып отыр. Жалпы, екі жыл ішінде облыстағы суицид көрсеткіші 42 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ, суицид жасауға итермелеудің 33 фактісі тіркелген. Мәселен, соңғы екі айда екі жасөспірім өздеріне қол жұмсаған. Оның бірі Рудный қаласында, екіншісі Денисов ауданында болған», - деді басқарма басшысы.
Осы мәселеге қатысты облыста бірнеше жиын өтіп, жұмыс тобы құрылды. Психологтар арнайы жоспар құрып, оқушылармен үнемі жұмыс істеп отырады.
«Жұмыс тобы қаңтар айынан бастап Қостанай, Рудный қалалары, Денисов, Қарабалық, Қостанай аудандарына барып, кездесулер ұйымдастырды. Олар жыл соңына дейін өңірді барлық қала-аудандарын араламақ. Топқа білікті психолог мамандар, тәжірибелі педагогтар алынды. Бұған қоса, облыста БҰҰ жанындағы балаларға көмек беру төтенше қоры бастама болған бағдарлама жүзеге асырылады. Аталған бағдарламаның тиімділігі Қазақстанның бірнеше облысындағы суицид көрсеткішінің төмендегенімен байланыстырылады», - деді Б.Даумова.
Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткішінің жоғарылауын күн тәртібіндегі өзекті мәселе деп атап өтті. Ол аудан, қала әкімдеріне профилактикалық жұмыстар жүргізіп, мәселені айрықша бақылауға алуды тапсырды