Қостанайда жаяу жүргіншілер жолағында оқушыны көлік қағып кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Ресейде тіркеуде тұрған автокөлік жүргізушісі жасөспірімді қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 14:00 шамасында Қостанайдағы Қобыланды батыр даңғылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ресейде тіркеуде тұрған «Ваз 2112» автокөлігінің жүргізушісі жаяу өтпе жолда 13 жастағы жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан жасырынбақ болған. Оны куәгерлер ұстап қалды, олар апат орнына полиция шақыртты. Оқиға орнына жеткен автопатруль жол-көлік оқиғасының қалай болғанын тіркеп алады. Жүргізуші ұсталды», - деп түсіндірді полициядан.

Жасөспірімнің мұрны сынып, басқа да жарақаттар алған. Ол ауруханаға жеткізілді.

Полиция мәліметінше, осы жылдың басынан бері ресейлік есептегі көліктермен 60 жол апаты болды. Салдарынан 14 адам ажал құшып, 66 адам зардап шеккен.



Авторы Жанна Мұсабаева