Қостанайда жерүсті өткелі салынды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы орталығындағы Гашек көшесінде жерүсті өткелінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Олжас Нұрғалиевтің сөзінше, жерүсті өткелінің құрылысына 37 миллион теңге жұмсалды.
 

«Мұндай өткелдерді құр босқа сала беруге болмайды. Маңында әлеуметтік нысандары көп аумақтарда орналасқаны дұрыс. Мына Гашек көшесіндегі өткелді пилоттық жоба ретінде қарастырайық. Жақында футбол академиясы, парктер салынса, бұл жерге жаяу жүргіншілер көптеп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатыны орнатқандарыңызды құптаймын», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Аталған жерүсті өткелі бірнеше спорттық нысан мен автотұрақты жалғайды. Ұзындығы - 17 метр, ені - 2 метрден асады. Бағандарының биіктігі - 4,5 метр. Өткелге саты арқылы және электркөтергішпен шығуға болады.

«Негізгі құрылыс қоспалы болаттан жасалды, ал шатырына поликарбонат қолданылды. Техника қауіпсіздігі барынша сақталған», - дейді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Алексей Тарасов.

Айта кету керек, дәл осындай нысан келесі жылы облыс орталығындағы Абай және Гагарин көшелерінде бой көтереді деп жоспарлануда. Бұған қоса биыл қаланың 10 көшесі күрделі жөндеуден өтеді. Тағы 26 көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.