Қостанайда жоғалып кеткен 18 жастағы жігітті еріктілер мен полиция іздестіруде

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – 18 жастағы Даниэль Тарасевич 4 наурызда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Қостанай облысының полиция департаменті аталған фактіні растап, түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 9 наурызда облыс орталығының 47 жастағы тұрғыны Қостанай қаласының Полиция басқармасына жүгініп, өзінің 05.04.2002 жылы туған ұлы Даниэль Тарасевич Степановты іздеуге көмек көрсетуін сұраған. Ол 4 наурызда белгісіз бағытқа шығып кетіп, бүгінгі күнге дейін оралмаған», - деп хабарлады департамент.

Белгілі болғандай, жоғалған жігіт бұған дейін үйінен осылай хабарсыз кетіп қалмаған, ішімдік ішпейді. Өзімен бірге ұялы телефонын алып кеткен, бірақ қазіргі уақытта ол өшірулі.

«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері еріктілермен бірге іздеу шараларын жүргізуде. Із-түзсіз жоғалып кеткен жігітті іздеуге облыстың Полиция департаментіннің жеке құрамы жұмылдырылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында ықтимал куәлар мен куәгерлер анықталады», - деді полиция.

Жігіттің ерекше белгілері: бойы 170-175 сантиметр, дене бітімі орташа, салмағы шамамен 70 кг, арнайы белгілері жоқ.