Қостанайда жол апатына кінәлі бозбалаға сот үкімі шықты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына кінәлі 16 жастағы бозбала жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, «Nissan Qashgai» көлігін мінген 16 жастағы жігіт жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Ваз 21102» көлігін соққан. Оның көлік жүргізу куәлігінің болмағаны анықталды. Жол апаты салдарынан «Ваз 21102» көлігінде отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

«Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кәмелетке толмаған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге шеттетілді», - деп хабарлады облыстық соттан.

Сонымен қатар бозбала бір жыл бойы пробациялық бақылауда болады және жәбірленушінің жеке қорына 10 АЕК көлемінде өтемақы төлейді.