Қостанайда жолда қалған жедел жәрдем бригадасы эвакуацияланды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда балшыққа батып, жолда қалған жедел жәрдем жолаушылары эвакуацияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қостанай облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап хабарлайды.

15 қараша түні, сағат шамамен 1-ге қарай «112» пультіне Торғай ауылынан 40 шақырым жерде, автожолда «УАЗ» маркалы автокөлігінің балшық батпаққа батып қалғаны туралы хабарланады.

Автокөлік салонында бес адам болған, оның бірі медициналық көмекке мұқтаж болған 2016 жылғы қыз бала (іші қатты ауырған және дене қызуы жоғары болған).

Анықталғанындай, қар мен жаңбыр түрінде жауған жауын-шашыннан Ахмет Байтұрсынов ауылынан шыққан көлік өтімділігі қиын учаскеде қалып қойған. Жангелдин ауданының ТЖБ-сы мен «103» қызметкерлері жолаушыларды оқиға орнынан эвакуациялады. Сағат 3:51-де жедел жәрдем көлігі Торғай ауылына жетті және қыз бала жергілікті аурухана дәрігерлеріне тапсырылды.

Төтенше жағдайлар департаменті метеорологиялық болжамдарға назар аудару (оның ішінде Darmen қосымшасы арқылы), ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды ұсынады.