Бүгінде облыс жұмысшыларының материалдық жағдайын арттыру өзекті мәселелердің біріне айналды. Соған байланысты Қостанайда облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу туралы 2018-2020 жылдарға арналған үш жақты келісімге қол қойылды. Аталған үш тарап жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұмысшылардың жағдайын жақсартуға күш біріктіруге уағдаласты.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Максим Моргунов баяндағандай, жалақы қарызы мен өндірістегі жарақат мәселесі назар аударуды қажет етеді. Оның сөзінше, өткен жылы ғана облыс жұмысшыларының жалақсына қатысты 120 млн теңге қарыз өндірілді. Қазір жұмысшыларының қарызын төлемей отырған бір ғана кәсіпорын бар және оның еңбеккерлеріне берешегі 1,1 млн теңге.
Тараптар нәтижелі жұмыспен қамту және «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда барлық күшті жұмылдыруға келісті.
Ортақ келісімдегі баптардың бірінде «Еңбек келісімшартын жаса» деп аталатын бірлескен акция ұйымдастыру көрсетілген. Бұл акция бойынша жұмысшылардың келісімшарттарының дұрыс жасалуы қамтамасыз етіледі.
Айта кетерлігі, облыстық үш жақты комиссияның отырысы тоқсан сайын өтіп тұрады.