Қостанайда жыл соңына дейін 6 мың көлік құрастырылады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «СарыарқаАвтоПром» зауыты жыл соңына дейін алты мың дана көлік шығаруды көздеп отыр. Бұл туралы кәсіпорынның техникалық директоры Сергей Могилатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзірге Ресейге алғашқы партиялар сынама ретінде жіберілді. Тәжікстанмен жыл соңына дейін жүз машина сатуға келісім жасалды. Еске салсақ, сәуір айында AllurGroup компаниясы «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы мен Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің қолдауымен «Холдинг Азия Групп Таджикистан» компаниясымен екіжақты келісімге қол қойған. Осы келісім аясында 2018 жылдың аяғына дейін Тәжік таксомоторлық паркі қазақстандық көліктермен толықтырылады.
 
 

«Бүгінде автонарықта бәсекелестік жоғары. Әлемдік алпауыттармен иық тірестіру оңай емес. Кәсіпорынның халықаралық әріптестерімен бірлесе қимылдауына жергілікті билік те қолдау жасап отыр. Жақында ғана екі бірдей келісімшартқа қол қойылды. Рас, мемлекеттің қолдауы кәсіпорынды қандай қиын шақта да құлдырауға жіберген жоқ. Бүгінде өндіріс орны көліктердің түрін көбейтіп, өнімдердегі қазақстандық үлесті арттыруға көшті. Біртіндеп сыртқы нарыққа да жол ашыла бастады.
 
 

Жоспар бойынша «СарыарқаАвтоПром» зауыты жыл соңына дейін алты мың дана көлікті сатылымға шығаруға ынталы», - деді Сергей Могилатов.

Кәсіпорын Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты елдермен тығыз байланыста. Соңғы жеті жыл ішінде зауыт 30 мың автокөлік құрастырды. Автобус өндірісі 12,4 есеге артты. Жыл басынан бері 215 «Ивеко» маркалы автобус құрастырылып, Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді тасымалдауға жөнелтілді. Биыл «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өндірістік алаңында ANKAI атты автобустардың бірлескен зауыты іске қосылды. Автобустар «Еуро 5» экологиялық талаптарына сай келеді. Газбен де, дизельді отынмен де жүреді.
 

Айта кету керек, көліктердің кейбір бөлшектері зауытта шығарылады. Бүгінде оның үлес салмағы 33%-ға жетті.

«Машина шанақтары төрт деңгейлі сырлаудан өтеді. Заманауи жабдықтар жұмысты сапалы, мүлтіксіз атқаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында ұсақтүйінді құрастыру цехы іске қосылғалы дәнекерлеу, сырлау, құрау сияқты жұмыстар жоғары сапада атқарылады», - деді техникалық директор Сергей Могилатов.  

Техникалық директордың айтуынша,  биыл кәсіпорын жеңіл көліктер өндірісін 1,9 есеге арттырған. Сондай-ақ, 2126 жеңіл көлік конвейерден шыққан. Оның ішінде 1149 - «Хюндай», 290 - «Равон», 283 - «Джак», 173 - «Шевроле Нива», 119 - «Пежо» және 19 «Ссан Йонг» көліктері сатылымға шығарылды. Барлығы 41,6 млрд теңгенің өнімдері өндірілді.