Қостанайда жылу энергиясына сараланған тариф енгізілді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы жылуға сараланған тариф енгізілетіні туралы хабарлады. Жаңашылдық 1 мамырдан жүзеге асырылмақ. Сараланған тариф жылуды пайдаланушылардың барлық санатына қатысты қолданылады. Алайда төлемдері әр түрлі болады.

Жылу компаниясы өкілдері есептеу құрылғысы орнатылған үйлердің тұрғындары төмендетілген тариф бойынша төлемақы төлейтінін атап өтті. Есептеу құрылғысын пайдаланбайтын тұрғындар үшін жылу бағасы қымбаттау болады.

2015 жылдың 1 мамырынан тариф ставкасы тұтыну бірлігі (гигакалория) бойынша келесідей есептелетін болады: - үйлерінде есептеу құрылғысы орнатылған тұрғындар бір Гкал (ҚҚС есептемеген жағдайда) үшін 1999,24 теңге; ал есептеу құрылғысы жоқтар бір Гкал (ҚҚС есептемеген жағдайда) үшін 4337,52 теңгеден;

- есептеу құрылғысы бар өзге тұтынушылар бір Гкал (ҚҚС есептемеген жағдайда) үшін 5542,33 теңге, есептеу құрылғысын орнатпағандар бір Гкал (ҚҚС есептемеген жағдайда) үшін 9923,61 теңгеден төлейтін болады. Тұтынушылар үшін пәтердің шаршы метріне шаққандағы тариф қандай соманы құрайтыны әзірге белгісіз. Оны Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті бекітіп, кейін тұтынушыларға ол жөнінде ақпарат таратылады.