Қостанайда соққыға жығылған дәрігер сотта 2 млн теңге талап етті

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда облыстық аурухананың жедел жәрдем бөлімшесінің дәрігері Антон Кистановтың соққыға жығылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың шілде айында Қостанай ауруханасында науқас жедел жәрдем бөлмесінде дәрігерге шабуыл жасап, соққыға жыққан. Дәрігер жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді.

Зардап шеккен 34 жастағы уролог Антон Кистанов болды.

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Күдікті азамат ұсталды. Ол бұрын сотты болған 34 жастағы Абылайхан Сәрінжепов екені анықталды.

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Бұған дейін бүйрегінде тас бар деген күдікпен жедел жәрдемге жеткізілген Сәрінжепов дәрігер қабылдауын бірнеше сағат күткен. Сотта ол 16 шілдеге қараған түні дәрігердің ауруды басатын дәрілер мен таблеткалар жазып бергенін егжей-тегжейлі айтып берді. 17 шілде күні қатты ауырған соң облыстық аурухананың қабылдау бөліміне барып, дәрігерді ұзақ күткенін айтып, қызметкерлердің дөрекі қарым-қатынасына бірнеше рет шағымданған.

— Ақырында дәрігер келген кезде оның мінез-құлқы тіпті өзгеріп кетті, ол мені және менің қаламның дәрігерлерін балағаттады. Мен ашуланып, оны ұрып жібердім. Мен өз кінәмді мойындаймын және өкінемін, — деп жауап берді сотталушы.

Соққының салдары дәрігердің денсаулығы үшін ауыр болды. Жәбірленуші жабық бас-ми жарақатын алып, бас сүйегі сынған.

Жарақат салдарынан дәрігер әлі жұмысына оралмаған.

Зардап шеккен хирург Антон Кистанов 2 миллион теңге талап етті. Сотталушы өтемақы төлеуге дайын екенін айтты.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын мәлімдеді.