Қостанайдағы жаңа өндірістерге газ жеткізетін құбыр салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Қостанай облысында жоспарланған ірі өнеркәсіптік жобаларды табиғи газбен қамту үшін жаңа магистральдық газ құбыры салынады. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Фото: zhigergas.kz

– Өңірдегі жаңа өндірістерді қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында «КС-14 жаңа компрессорлық станциясының құрылысы және «КС-14–Қостанай» магистральдық газ құбыры» жобасы іске асырылып жатыр, - деді вице-министр. 

Оның сөзінше, жоба Қостанай облысында жоспарланған бірқатар ірі өндірістік нысанның жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

– Атап айтсақ, газ құбыры арқылы астықты терең өңдеу, глинозем өндіру және алюминий шығару, ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты, сондай-ақ газ-химия кешені сияқты жобаларға табиғи газ жеткізу көзделіп отыр. Аталған жоба Катар мемлекетімен жасалған Үкіметаралық келісім аясында катарлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылатын болады, - деді спикер.

Жаңа газ инфрақұрылымы Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірдегі жаңа өндірістердің іске қосылуына мүмкіндік бермек.

Еске салайық, Қазақстанда 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары әзірленді.