Қостанайдағы 630 отбасы «Нұрлы жер» арқылы пәтерлі болды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 630 пәтерлі көпқабатты 13 үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Бәйтерек девелопмент» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа салынған үйлер «Әуежай» шағын ауданында орналасқан. Бұл ауданда көпқабатты үйлер салынып, келешекте мектеп пен спорт кешені тұрғызылмақ.  

«Биыл Қостанай облысы баспана бағдарламасы бойынша құрылысты қарқынды жүргізіп жатыр. Мәселен, 2016 жылы қала тұрғындарына 150 жаңа пәтер тапсырылса, биылғы жылдың басынан бері «Бәйтерек девелопмент» желісі бойынша аймақта 630 пәтер берілді. Бүгінгі таңда жекеменшікке берілген тұрғын үйлер бойынша 233 несиелік, 37 жалдамалы пәтер тұрғындарға тапсырылып отыр», - дейді «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев.

Баспананың бәрі 90 пайыздық үлеспен отандық материалдардан салынды. Таза әрленген үйдің бір шаршы метрі 156 мың теңгеге бағаланған.

Асқарбек Өсербаевтың айтуынша, 2017 жылдың 10 айында «Бәйтерек девелопмент» АҚ желісі арқылы Қызылорда, Жамбыл, ОҚО, Павлодар, ШҚО, БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарында 4733 пәтер салынған.

Соңғы жаңалықтар