Қостанай облысында орман өрттері жайылып, елдімекендер жанып жатқанда құтқарушылар өз міндеттерін бұлжытпай орындап келеді – олар бірінші кезекте адамдарды құтқарады. Дәл осы уақытта көрінбейтін майданда қостанайлық зооволонтерлер өрттен зардап шеккен жануарларды іздеп, құтқаруға кірісіп кетті.
«Біз өрт шыққан жерде, елді мекендерде жануарларға көмек көрсету пункттерін ұйымдастырамыз. Яғни тамақтандырамыз және ем-дом жасаймыз, ауыр халдегі жануарларды Қостанайға жеткіземіз. Барлық құтқарылған жануарларды үйсіз жануарларды сауықтыру орталығына орналастырамыз. Стационардағы жануарлар «Айболит» ветеринарлық клиникасында ем алуда. Иелері бар және құтқаруды қажет етпейтіндерге оқиға орнында алғашқы көмек көрсетеміз, жараларды жақпа майымен емдейміз», - деді Ольга Соловьева.
Зооволонтерлар Аманқарағай, Озерный ауылдарында өртеніп кеткен үйлердің әрбір бұрышын аралап шыққан.
«Әр үйді аралап шықтық. Шынымды айтсам, жұмыстың көп бөлігі өткен түнде, өрттен кейін жануарлар есін жиып, адамдарға шыға бастағанда пайда болды. Жануарларды іздестіруге криминалистер көп көмектесті. Олар бізге қай үйлерде және қай жерде жануарлар бар екенін және қандай көмек қажет екенін айтты», - деді ол.
Өкінішке орай, елді мекендерге таралған өрт ауқымы орасан зор, үй жануарлары мен малды айтпағанда, бүкіл үйлер мен аулалар жанып кеткен.
«Шынында да, көптеген күйген мысықтар мен иттер табылды, әсіресе иттер байлаудан босай алмаған. Байлаудан босаған иттер де үй ауласынан шыға алмай қалған. Сол жерде олар бұратылып жан тапсырған», - деді О. Соловьева.
Еріктілер үй жануарларына ғана емес, ірі қара малға да көмектесіп жатыр.
«Ірі қара малға көмектесу туралы көптеген өтініштер келіп түсуде. Бізде барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар. Күйген сиырлар да болды. Мұндағы біздің басты көмегіміз жараларға шыбындар түспеуі үшін арнайы жақпа майлармен емдеу болды. Ірі қара мал да көптеп қырылған. Үй құстарының көпшілігіне иіс тиген. Кеше Аманқарағайдан Қостанайға жеті мысық пен итті жеткіздік. Олардың көпшілігі ауыр жағдайда, тыныс жолдары ісініп, денесін күйік шалған», - деді волонтер.
Ал бүгін Әулиекөл ауданының елді мекендеріне мал дәрігері мен медбике барды.
«Әулиекөлде шатыр құрамыз, жақын күндері сонда жұмыс істейтін боламыз. Зардап шеккен жан-жануары бар кез келген адам бізден медициналық қызмет ала алады. Бүгін Қостанайдан тағы екі көлік көмекке келеді, өйткені күйген жануарлар өте көп. Біз бәрін жасаймыз – жануарларды мүмкіндігінше құтқарамыз, қырылғандарын жинап шығамыз. Тұрғындардан зардап шеккен жануарлар туралы жедел желіге хабарлап, нақты мәліметтер мен орналасқан жерін айтуды сұраймыз. Өйткені, жануарларды да құтқару керек, олардың арасында өрттен кейін күтімді қажет ететіндері көп», - деді О. Соловьева.
Айта кетейік, 5 қыркүйек сағат 20.00-гі жағдай бойынша Қостанай облысындағы 5 учаскеде жүргізілуде (Аманқарағай, Лесное, Озерное және Калинино ауылдарында). Барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті. Оның ішінде 85 Аманқарағай ауылында және 6 Озерный ауылында.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына және Қостанай облысы әкімінің жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешіміне қол қойылды.
Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда.