Қостанайдағы үйге қойылған «мина» үшін жасөспірімнің ата-анасы жауап береді
Кеше, 6 қараша күні түстен кейін қостанайлық мектептің 6-сынып оқушысы достарымен бірге Баймағамбетов көшесінде орналасқан №59 үйдің домофонына келіп, кез келген пәтер нөмірін терген және жауап берген пәтер иесіне бомба туралы жалған хабар берген. Пәтер иесі сол мезетте полицияға хабар берген. Жедел әрекет ету бөлімі аумақты қоршауға алып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Үйді тексеру барысында, 2-кіреберістен қара қалташа табылды.
«Бағымызға орай, онда қоқыстан басқа ештеңе табылған жоқ», - деп атап өтті баспасөз қызметі. Жедел-тергеу шаралары арқылы жалған хабар таратқан жасөспірім ұсталды. Жасы кіші болғандықтан оған ешқандай жаза қолданылмайды, алайда оның ата-анасы ҚР ҚК 273-бабы бойынша жауап береді. Сонымен қатар, Қостанай облысында «Жасөспірім» жедел полиция шарасы өтуде, шара барысында кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуден жалтарған 37 ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ, жасөспірімдер жасаған 238 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 130 жасөспірім мен 69 қамсыз ата-ана арнайы есепке алынды, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.