Ұлттық сараптама орталығы филиалының вирусологиялық зертханасы коронавирус індетінің сынамаларын тексеруді осы жылдың наурыз айынан бастады. Осы уақыт аралығында мұнда шамамен 56800 талдау жүргізілді. Бүгінде 5 маман CVI диагностикасымен айналысады. Жедел штабтың шешімімен вирусологиялық зертханаға қомақты қаржы бөлінді.
«28 миллион теңге қосымша жабдықтар сатып алуға, ал 14 миллион теңге шығын материалдарына жұмсалады. Жаңа құрылғылар зертханада сынама тексерудің қуаттылығын арттырып, сапасын жақсартады. Зертхананың қуаттылығы жоғары, мұнда күніне 850 зерттеу шарасы өтеді. Індеттің жаппай таралуына байланысты күн сайын 900-ден 1300-ге дейін сынама түседі. Бұл шамадан тыс жүктеме тексеріс нәтижелерін де кешіктіруде. Осыған орай, жедел штабтың шешімімен қосымша заманауи жабдықтар сатып алуға қаржы бөлініп отыр. Жаңа жабдықтардың арқасында зерттеу уақыты да қысқарады. Егер бұған дейін бір сынаманы тексеруге бір жарым-үш сағатқа дейін уақыт кетсе, енді 15-20 минутты құрайды», делінген Штаб ақпаратында.
Өңірде коронавирус инфекциясының диагностикасы 5 зертхана базасында жүргізіледі. Олар: «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының зертханалары, «Олимп» клиникалық-диагностикалық орталығы және Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті базасындағы зертхана. Бұл нысандарда күніне 2000-2500 сынама алынады.