Қостанайдан Ташкентке тікелей әуе рейсі ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — 13 маусым күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайы Өзбекстанның Centrum Air әуе компаниясының Қостанай-Ташкент-Қостанай бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейсін қарсы алады.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Жаңа халықаралық бағыттың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын дамытудағы кезекті маңызды қадам болмақ.

Жаңа рейс екі ел арасындағы іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды нығайтып, Қостанай облысы тұрғындары үшін көлік қолжетімділігін арттырады деп жоспарланған.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежай басқарма төрағасы Асқар Бекбосыновның айтуынша, Ташкент бағыты бойынша рейстердің іске қосылуы әуежай мен өңір үшін маңызды оқиға болады.

— Жаңа бағыт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол Қостанай облысының көлік қолжетімділігін арттырып, әуежайдың халықаралық бағыттар желісін кеңейтеді, — деді Асқар Бекбосынов.

Айта кетейік, 2 маусымнан бастап Air Astana әуекомпаниясы Астана — Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосты.