Қостанайдың Лисаковск қаласында балалардың ойын аймағы өртенді

АСТАНА. KAZINFORM — Лисаковск қаласында құтқарушылар балалар ойын аймағында шыққан өртті сөндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Видеодан скрин

Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады.

Құтқарушылардың мәліметінше, Лисаковск қалалық саябағындағы ашық аумақта батут пен екі ойын конструкциясы өртенген.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сәйкес, өрттің жалпы аумағы 45 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен техникасы жұмылдырылды.

Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Арқалық қаласындағы №5 орта мектептің төрт қабатты ғимаратының шатыры өртенген болатын.

Кейін өңірлік білім басқармасы өрттің алдын ала себебі дәнекерлеу жұмыстары болуы мүмкін екенін хабарлады.