Қостанайдың жаңажылдық безендірілуіне қанша қаржы бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда 2027 жылғы Жаңа жыл мейрамына дайындық басталды. Қалада бес шырша орнатылып, мұз айдындары, сырғанақтар мен мерекелік композициялар жасалады.

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Қала әкімдігінің мәліметінше, биіктігі 23 метр болатын бас шырша облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңға орнатылады. Тағы бір үлкен шырша Жастар сарайының жанында, «Юбилейный» шағын ауданында бой көтереді. Оның биіктігі — 22 метр. Қалған үш шыршаның биіктігі 11 метр болады. Олар КСК шағын ауданындағы «Жастар» бульварына, «Аэропорт» шағын ауданындағы «Керуен» саябағына және «Қонай» тұрғын алабына қойылады.

Мұз қалашығын салу үшін «ҚазГранСтрой» ЖШС-мен 98,6 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Бұл сомаға мерекелік нысандарды салу мен безендіру ғана емес, оларды күтіп ұстау, сондай-ақ 2027 жылғы наурызға дейін бөлшектеп, құрылымдарын алып кету жұмыстары да кіреді.

Негізгі мұз қалашығы Қостанайдың орталық алаңында орналасады. Мұнда Аяз ата, Ақшақар және келе жатқан жылдың символы бейнеленген мүсіндер қойылады. Келушілер үшін үлкен және орташа мұз сырғанақтары мен лабиринт жасалады. Бұдан бөлек, «2027» сандары бейнеленген сәндік құрылым жаңартылып, қайта орнатылады. Сондай-ақ қаладағы алты субұрқақ көркем безендіріледі.

Жастар сарайының алдындағы алаңда ағаш қоршауы бар мұз айдыны жасалып, орташа мұз сырғанағы салынады. Мұнда да жыл символы мен «2027» мерекелік композициясы орнатылады.

Жастар бульварында мұз қоршауы бар сырғанақ пен мұз айдыны пайда болады. Ал «Қонай» тұрғын алабында тағы бір орташа мұз сырғанағын салу жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңажылдық безендіруге қанша қаражат жұмсалатыны жөнінде жазғанбыз.