Әуелде, халықаралық әуежайды сатып алу құқығы бойынша сенімді басқаруға беру тендерін өткізу 2017 жылғы 20 желтоқсанға жоспарланған. Алайда, өтінім түспеген соң тендер өткізілмеді. Әуе айлағының бастапқы бағасы - 862,1 млн теңге. Кепілдік жарнасы 129,3 млн теңгеге тең.
Тендердің негізгі шарты бойынша Қостанай әуежайы 4 жылда сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріледі. Сондай-ақ, әуежайды басқаруға келген тұлға жолаушылар терминалын қайта құру жұмыстарымен және бір-екі жыл ішінде қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуі керек.
Енді екінші сатылым 2018 жылдың 9 қаңтары күні өтеді. Айта кетейік, аталған нысан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің балансында тұр. Ол Қостанай қаласы төңірегінің оңтүстік-батыс жағынан 2 шақырым жерде және әкімшілік орталығынан 5,6 шақырым қашықтықта орналасқан. Әуежай халықаралық мәртебеге ие. Бір жылдағы рейс саны - 1700. Жеткізілетін жүктердің, поштаның көлемі - 250 тоннадан астам.