Қостанайдың «Тобылына» жаңа футболшылар келді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайдың «Тобылы» үш жаңа футболшымен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Тобыл» Қазақстан құрамасының шабуылшысы Оралхан Өміртаевпен еңбек келісімін жасасты.

Оралхан Өміртаев – Қарағанды футбол мектебінің тәрбиеленушісі. «Шахтердің» құрамында шабуылшы 2015 жылы дебютін өткізді. Өткен бірнеше жыл ішінде кеншілер жейдесінде 70 матчта алаңға шығып, 8 гол соқты. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында екі матч ойнап,екі голдың авторы атанған.

«Ақтөбенің» жартылай қорғаушысы Асланбек Кәкімов те Қостанайға келді. «Тобыл» сайтына сүйенсек, Асланбек футбол мансабын Ақтөбеде бастады. Премьер-Лигада 2016 жылдан бастап өнер көрсетеді. Өткен маусымда Асланбек Кәкімов 12 нәтижелі ұпай жинап, «гол пас» жүйесі бойынша «Ақтөбедегі» көшбасшылардың бірі болды.

Қостанайлық клуб тағы бір Қазақстан құрамасының қорғаушысы Александр Марочкинмен еңбек келісіміне отырды. Александр мансабын Алматы облысының «Іле-Сәулет» клубында бастаған. Кейін Ақтаудың «Каспий» командасының құрамында өнер көрсетті.

Ол былтыр қызылордалық «Қайсар» сапында өнер көрсетіп, Қазақстан Кубогының иегері атанды.