Мерекелік жиынға облыстың үздік педагогтары мен осы саланың ардагерлері шақырылды. Мәдениет үйіне жиналған көпшілік ардагер ұстаздарды зор қошеметпен қарсы алып жатты. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев салтанатты шараға қатысып, мереке иелерін құттықтады. Артынша мамандығының майталманы атанған озық ойлы педагогтарды «ҚР білім беру ісінің үздігі» және «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен» марапаттап, ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамотасын, алғыс хатын және облыс әкімінің грамотасын, «Ұлағат» сыйлығын табыстады.
Елімізде білім беру саласын жаңғыртуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Күні бүгін Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында педагогтардың мәртебесіне мән беріп, балабақшадағы тәрбиешілердің жалақысын көтеруді тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленіп, қабылданатын болады.