Қостанайға жыл басынан бері 100 дәрігер келді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында дәрігерлер тапшылығын жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл емдеу мекемелеріне 100-ге жуық дәрігер тартылды. Олардың арасында онкологтар, бала дәрігерлері, терапевт және хирургия саласының мамандары бар. Сонда да, облыс ауруханалары мен емханаларында ақ желеңділер қат. Кадр тапшылығы - денсаулық сақтау саласы басшыларының бас ауруына айналған басты мәселе.

«Облыс ауруханаларына шамамен 400-ге жуық дәрігер жетіспейді. Соның кесірінен туберкулез, ана мен бала өлімі, қан айналу жүйесі, қатерлі ісік аурулар бойынша өңіріміз тәуір көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаев.

Басшының мәліметінше, дәрігерлер тапшылығын жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы үшін, жас мамандарды тарту мақсатында Батыс Қазақстанның медициналық университетімен келісім жасалған. Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде Рудный және Затобол кентінде 250 орынға шақталған емхана салу жоспарланған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы медициналық жабдықтар мәселесіне тоқталды. Облыстық ауруханада ангиограф істен шыққан. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құны 430 млн теңге болатын осындай аппарат сатып алу көзделген.