Қостанай–Көкшетау трассасында қозғалыс толық қалпына келтірілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қостанай–Көкшетау бағытындағы KAZ-03 республикалық автожолының Севастополь кенті маңында орналасқан учаскеде Вишневое көлінен келген мұз массаларының салдарын жою жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

Фото: видеодан алынған кадр

Еске сала кетейік, 15 сәуір күні қатты соққан жел салдарынан көлдегі мұз қабаттары жолдың жүріс бөлігіне ығысып, көлік қозғалысын уақытша қиындатқан болатын. Жол қызметтері оқиға орнына жедел жетіп, арнайы техниканы жұмылдыра отырып, тазарту жұмыстарын ұйымдастырды.

-Аз уақытта жол жамылғысындағы мұз қалдықтары толықтай тазартылды. Қазіргі таңда аталған учаскеде көлік қозғалысы толық қалпына келтіріліп, автокөліктер штаттық режимде еркін қатынап жатыр,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қостанай облысында қар еруіне байланысты қалыптасқан жағдай туралы жазық.