Қостанайлық ұстаздарға 185 млн теңге қайтарылады

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM –  Қостанай облысында мұғалімдердің құқығы өрескел бұзылып, оларға тиесілі 185 млн теңге төленбеген. 

Фото: Kazinform

Қостанай облысының прокуратурасы білім беру саласы қызметкерлерінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын анықтады. Қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа жеткенде кепілдендірілген өтемақы және іссапар шығындары төленбеген фактілер анықталды.

- Жұмыстан босату туралы бұйрықтарда зейнеткерлік жасқа толуына байланысты шарттың бұзылғаны көрсетілмеген, бірақ еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша немесе қызметкердің өтініші бойынша бұзылғаны атап өтілді. Барлығы 350 қызметкер анықталды, оларға 38 миллион теңгеден астам өтемақы төленбеген. Сонымен қатар білім бөлімдері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өткен педагогтарға іссапар шығындарының төленбегені анықталды. Конституциялық құқықтары бұзылған және оларға 185 миллион теңгеден артық төленбеген 1,8 мыңнан астам педагог анықталды, - делінген Қостанай облысының прокуратурасы хабарламасында.

Қадағалау актілері бойынша 60 миллион теңгеден астам сомаға төлемдер жүргізілген 405 мұғалімнің құқықтары қорғалды. Қалған қызметкерлерге төлемдер жақын арада төленетін болады.

Бұған дейін Қостанай облысында алтынды заңсыз өндірген компанияға 2,6 млн теңге айыппұл салынғаны туралы жазған едік