Самира Беркімбаева жақында Көкшетау қаласында өткен «Балаларға бейбітшілік» атты халықаралық байқаудан жеңімпаз атанып, Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама алған еді. Ал бұл жолғы байқауға әлемнің әр түкпірінен танымал солистер және оркестрлер қатысты. Самира осы додада «Қазақстаным» әнін бейнебаянымен ұсынған болатын. Бұл ән композитор Халыкбек Ризабекке тиесілі болса, сөзін айтыскер Айтақын Бұлғақов жазды.
Ән жазылымы және бейнебаян түсірілімімен Астана қаласының кәсіпқойлары айналысқан. Самираның бас тәлімгері - аудандық Мәдениет үйінің вокалдан сабақ беретін ұстазы Индира Арбабаеваның айтуынша, қазылар алқасында Әзербайжан, Түркия, БАӘ, Таяу Шығыс және Ресей елдерінің шеберлері отырды. Олар қарабалықтық балғынның өнеріне ерекше тәнті болған. Кішкентай Самираның қуанышы қойнына сыймай жүр: алғаш рет шетелге шығып, тұңғыш рет ұшаққа мініп, теңізді көріп, бірінші мәрте кең ауқымды шығармашылық байқауына қатысып отыр. Айтпақшы, жол шығынын балдырғанның ата-анасы өз қалтасынан көтерді.
«Бұл Самираның алғашқы жеңісі емес. Көптеген республикалық ән додаларында топ жарды. Біз баламыздың өнер жолында ұшталуына барынша мүмкіндік жасаймыз. Скайп арқылы оқудың заманауи әдістемесі қолжетімді екенін ескерсек, Самираның жан-жақты жетілуіне жағдай бар. Екінші бейнебаянының отандық арналарда жарық көргенін тағатсыз тосудамыз. Міндетті түрде жаңа байқауларға қатысамыз. Қызымыздың талай жетістіктерге жетеріне кәміл сенеміз, - деп қуанышымен бөлісті Самираның ата-анасы.
Айта кетейік, жерлесіміз шешуші кезеңде тек филиппиндік әншіге есе жіберді. Ол онысын дайындықсыз, репитициясыз шыққанынан көреді. Әйтсе де, 2-орын - құр қол тарасқан көптеген елдің өкілдерімен салыстырғанда, жас айырмасын есепке алғанда, өте үлкен жеңіс.