Диқандар 4 млн гектарға астық, қалған алқапқа бұршақ дәнділер мен майлы дақылдар септі. Айта кету керек, биылғы ауа райының қолайлылығы шаруаларға дала жұмыстарын ерте бастауға ғана емес, әдеттегі мерзімге жеткізбей аяқтауға мүмкіндік берді. Тұқым себу жұмысынан бел жазған диқандар енді шамалы үзілістен кейін егістіктерді күзге дейін күтіп-баптау жұмыстарына кіріседі.
«Шаруалар өнімділігі жоғары техникалармен қамтамасыз етілді. Биыл майлы және мал азығы дақылдарының көлемі 25 мың гектарға ұлғайтылды. Олардың сатып алу бағасы нарықта дәнді дақылдарға қарағанда айтарлықтай жоғары. Шаруашылықтардың көпшілігі көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу кезінде егіс стандартының бірінші және екінші кластарының тұқымдарын пайдаланды. Дәнді дақылдарды өсірудің ылғал үнемдейтін технологиясын сақтау және тыңайтқыштарды қолдану өнімнің сапасын едәуір арттырды», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.