Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 тамыз күні Қостанайда отбасылық жатақхана өртеніп, 2 бала құтқарылды.
Белгілі болғандай, балаларды Айдар Мұстафин есімді жігіт құтқарып қалған. Ол мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді.
«Досым екеуміз өрт болып жатқан маңайда жүргенбіз. Кенет көмекке шақырған баланың дауысын естіп, сол жаққа жүгірдік. Жатақхананың екінші қабатындағы балкон жанып жатты. Сол уақытта құтқарушылар үйдегі адамдарды оқшау жерге көшіріп үлгірген. Балкон шетінде жас отбасы тұрды. Көмекке шақырған солар екен. Мен бірінші қабаттағы терезенің жақтауына дейін шығып, балаларды төмен түсірдім. Маған қасымда тұрған тағы бір адам көмектесті», - дейді А.Мұстафин.
Мұнан соң оқиға орнына өрт сөндірушілер жетті. Олар екінші қабатқа шығатын баспалдақ қойған.
«Мен де өртеніп жатқан пәтер ішіне кірдім. Бөлмелерді аралап салқын су құйылған легенді тауып алдым. Ормалды сулап алып, түтін кірмеуі үшін, көрші есіктің астына қойдым. Онда тағы бір отбасы қалып қойған болатын. Содан кейін полицейлер де жетті», - деп еске алды Айдар.
Айдар Мұстафин өзінің бұл әрекетін әрбір азаматтың міндеті деп біледі.