Шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін жан-жақты қолдау - ел экономикасын дамытудың бір бағыты екені сөзсіз. Бұл бағыт Қостанай облысында да қарқынды жүзеге асып келеді. Мәселен, соңғы 4 жылда аталған бизнестің өнімі 50 пайызға өскен.
«Шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмыс белсенділігі бойынша біздің облыс республикада 7-орында келеді. Көрсеткіштеріміз былтыр едәуір жақсарды. 2014 жылы 138 мың адам шағын бизнеске жұмылдырылса, биыл 152 мың адам өздерінің жеке кәсібін дөңгелентіп отыр. 2018 жылы облыстың ШОБ дамытуға 6 млрд теңге қарастырылды. Соның 1,5 млрд теңгесі шағын несиелеуге бөлінді», - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабеков.
Басқарма басшысының сөзінше, 2013 жылдан бастап мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларға қатысқан кәсіпкерлерге 7,3 млрд теңге субсидия бөлінген. Барлығы 5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінге дейін 589,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына осы жылы 2,2 млрд теңге қарастырып отырмыз. Қазірдің өзінде 79 бизнес жоба мақұлданды. Субсидия қаржысының көбі өндіріс (31%) және ауыл шаруашылығы (18%) салаларына бағытталды. Бұған қоса «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының орындалуына 3,8 млрд теңге қаржы құю көзделеді. Оның 1,5 млрд теңгесі Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылады», - деді Иса Құдабеков.
Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлы орындамай жатқан аудан-қалалардың әкімдеріне сын айтты. Әсіресе, Лисаков, Арқалық қалалары мен Алтынсарин, Амангелді, Жанкелдин, Жітіқара, Ұзынкөл аудандарында кәсіпкерлердің жұмысы баяу жүріп жатыр.