«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында былтыр Қостанай облысында 3,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шеңберінде шағын несиелеу үшін қосымша 1 млрд теңге қарастырылды.
«Аталған сома қаржы институттары арасында бөлінді, атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға - 2,1 млрд теңге, Аграрлық кредиттік корпорациясына - 1,5 млрд теңге. Бұл қаржы толығымен игерілді. Барлығы 933 шағын несие берілді. Бағдарламаға Арқалық қаласы, Қостанай, Амангелді, Федоров және Әулиекөл аудандары белсене қатысты. Таран, Ұзынкөл, Қарабалық және Қамысты аудандары жоспарды толықтай орындаған жоқ», - деді Жансұлтан Тәукенов.
Былтыр 778 стартап жоба іске асты. Нәтижесінде 939 тұрақты жұмыс орны ашылды. Шағын несиелеу бағдарламасы аясында 2,1 мың ірі-қара мал, 1,3 мың жылқы сатып алынды. Басқарма басшысының сөзінше, басқа да кәсіп ашқандарға қолдау бар. Әсіресе, шалғай ауылдарға қонақүйлер, жанар-жағармай бекеттерін салушылар көбейген.
«2019 жылға арналған жоспарлы индикативтер белгіленді. Нәтижесінде бизнестің 65 саласы бойынша шағын несие беріледі. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша кәсіп көздерін (көлік, ТҚС, құрылыс, тамақтану, туризмді дамыту) ашуға мүмкіндік береді», - дейді Жансұлтан Тәукенов.