Оқыс оқиға шомылуға тыйым салынған жерлерді патрульдеу кезінде болған. Сол күні Тобыл өзенінің жағасында достарымен бірге демалып жатқан ер адам сергіп қайту үшін суға түскен. Ол жағадан алыс жерге жүзіп кетіп, су иіріміне түсіп қалған. Өз бетімен шыға алмағандықтан, көмек сұрап, дабыл қаққан. Ер адамның даусын оған жақын жерде тұрған досы естіп, соңынан суға түскен. Алайда құтқаруға аттанған азамат шамасы жетпейтінін түсініп, жағаға қайта оралған.
Суға кете жаздаған ер адамның көмек сұрап, айғайлаған дауысын Әділбек Олжас пен Дамир Бектемісов есімді құтқарушылар естіп, суға секірген. Бөлімше басшысы дауыс зорайтқыш құрылғы арқылы судағы ер адамға көмек келе жатқанын хабарлап жеткізіп, құтқаруға аттанған досынан жағаға қайтуын өтінген.
Құтқарушылар батып бара жатқан адамның жанына жете салып, жылдам құтқару жилетін кигізіп, құтқару шеңберін берген. Олар зардап шеккен ер адамды жағаға жеткізіп, тиісті көмек көрсетті. Сондай-ақ, суда қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізген.