Қостанайлық өнім заманауи сұранысқа жауап береді - Франция Елшісі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысына келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ өңірлік кәсіпкерлер палатасының жиынына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филипп Мартинэнің астықты аймаққа келгендегі мақсаты -жергілікті кәсіпкерлік ортамен әріптестік байланыс орнату, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысу. Ол осы орайда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті.

Басқосуда екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту мәселелері қозғалды. Тараптар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына келсек, бүгінде Францияға елімізден тек зығыр тұқымдары экспортталуда. Филипп Мартинэнің сөзінше, Қостанайдың өзінде-ақ, әлемдік нарыққа шығатын өнімдер бар.

«Қазір Еуропа, соның ішінде тіпті Франция ауыл шаруашылығы саласында дағдарысты бастан өткеруде. Сіздерде экологиялық артықшылықтар бар, өнімдерге түрлі қоспалар, ГМО қолданбайсыздар. Яғни, табиғи өнім өндіріліп жатыр. Олар заманауи трендтер мен сұранысқа жауап береді. Қазір органикалық тағамдар кең тарай бастады. Менің ойымша, Францияда сіздердің өнімдеріңізге қызығушылық танытатын кәсіпорындар табылады», - деп атап өтті Елші.

Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары  Геннадий Кукоба қостанайлық және француз кәсіпорындары  агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, туризм, жаңартылатын энергетика салаларында ортақ тетік таба алатынына тоқталды.

«Біздің өңірде мал шаруашылығымен айналысатын компания бар. Малдың тезегін биогаз өндіру үшін пайдаланады. Бізге Францияның қалдықтарды өңдеу тәжірибесін білу аса қызықты», - деп атап өтті Кукоба.

Жиын қорытындысында Елшіге кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы таныстырылды. Өңірлік палата базасында орналасқан орталықтың жұмысымен танысқан Филипп Мартинэ оның өзектілігін алға тартты.