Қостанайлық полицейге бағынбай өзін-өзі ұрған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық тәртіп сақшылар 3 млн теңгеге жуық зергерлік бұйымдарды ұрлаған күдіктілерді қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық оқиға Ұзынкөл ауылында болған. Бұзақылар дүкенге пластик терезеден кіріп, зергерлік бұйымдарды қолды қылды. Шығын көлемі - 2 700 000 теңге. Із кесу шаралары барысында екі азамат ұсталды.

«24 жастағы Федоров ауылының тұрғыны бұған дейін де осыған ұқсас қылмысқа барған. Оның бұл жолы Ряжский ауылының тұрғынымен бірігіп, ұрлық жасағаны анықталды. Соңғысы 8 қаңтар күні облыс орталығындағы Қобыланды батыр көшесінде ұсталды. Ол тәртіп сақшыларына бағынбай, тіпті өз-өзіне бірнеше соққы жұмсаған», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Күдікті осы қылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта ол Ұзынкөл ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екі азаматқа қатысты қылмыстық іс соттың тергеуіне алынды.